ШҚО-да жоғалып кеткен 3 жасар қыз табылды

/
ШҚО-да жоғалып кеткен 3 жасар қыз табылды
Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысының мөлтек аудандарының бірінде әдеттегі күн бір отбасы үшін нағыз сынаққа айналды. 3 жасар қыз бала үйден байқатпай шығып кеткен. Үлкендер бар-жоғы бірнеше минуттың ішінде баладан көз жазып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Басында ата-анасы өз беттерінше іздеген. Алайда әр минут ғасырдай болып, қорқынышты үдете түскен. Жарты сағаттық нәтижесіз іздеуден кейін олар "102" арнасына хабар берген.

Полицейлер дереу сигналды қабылдап, шұғыл іс-қимылға кірісті. Кешіктірмей жеке құрам жасақтары жұмылдырылып, аулаларды, көшелер мен шеткері аймақтарды жаппай тексеру басталды. Тәртіп сақшылары әрбір ықтимал бағытты тексеріп, тұрғындардан сұрастырды және жақын маңдағы аумақтарды — аулалардан бастап ашық жерлерге дейін мұқият қарап шықты.

Іздеу жұмыстары шамамен 4,5 сағатқа созылды. Ақырында кішкентай қыз табылды. Бүлдіршінді үйінен 4 шақырым жердегі көлдің маңынан жедел уәкіл Медет Жансейітов тауып алды

Полицейлердің жүйелі іздеу жұмыстарының арқасында кішкентай қыз аман-есен табылды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Қыздың анасы толқынысын жасыра алмады. Ол полицейлерге жеделдігі мен қырағылығы үшін шын жүректен алғыс білдірді.

Бұл оқиға — әрбір ата-анаға балаларға үнемі назар аудару қажеттігін тағы да еске салады. Кейде қас қағым сәттің өзі жағдай бақылаудан шығып кетуіне жеткілікті.

Егер бала жоғалып кетсе — бір минут та жоғалтпай, бірден полицияға хабарласыңыз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары