Қостанай облысының аудандарының бірінде тұратын екі азамат алкогольдік масаң күйде, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып, жәбірленушіге көптеген соққылар жасап, соның салдарынан жәбірленушінің қабырғалары сынып, өкпесі зақымдалып, денсаулығына ауыр зиян келген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осыған қарамастан, бірінші сатыдағы сот кінәлілерге 6 жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, нәтижесінде сотталғандар іс жүзінде бостандықта қалған.
Алайда, жаза тағайындау кезінде тек кінәні жеңілдететін мән-жайлар ғана емес, сонымен қатар сотталғандардың жеке басы туралы деректер, олардың қылмысқа дейінгі және кейінгі мінез-құлқы, сондай-ақ бұрын қолданылған ықпал ету шараларының тиімділігі де ескерілуі тиіс.
Прокуратура тағайындалған жазаны шамадан тыс жеңіл, жасалған қылмыстың ауырлығына және сотталғандардың жеке басына сәйкес келмейді деген тұжырымға келді.
Сотталғандар бұған дейін де қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған, қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзған және ішімдікке әуес болған. Бұрын қолданылған ықпал ету шаралары олардың түзелуіне әкелмеген.
Қадағалау органының кассациялық наразылығы негізінде тағайындалған жаза өзгертіліп, кінәлілер 6 жыл мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Зорлық-зомбылық фактілеріне, әсіресе алкогольдік масаң күйде және адамдар тобы болып жасалған әрекеттерге уақтылы әрі әділ құқықтық баға беру осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.