Түркістан облысы Отырар ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын әрі жазушы Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп turkystan.kz тілшісі Alash.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ақынның шығармашылығын құрметтейтін қалың жұртшылық жиналды.
Ақынмен қоштасу рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт арнайы қатысып, жүрекжарды сөзін жеткізді. Ол өз сөзінде ақын болудың ауыр жауапкершілігін атап өтті.
"Шыншыл ақын бола білу – азаптың ең азабы.
Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы.
Азапта төзе білген, Қазақтың жанын сезе білген, Қызыл империяның дауылынан шайқалмаған, Ешкімнен ешқашан да тайсалмаған Мұхаңның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын…" – деді Ринат Зайыт.