Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов орта салмақта WBC нұсқасы бойынша чемпиондық жекпе-жек өткізуге келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы turkystan.kz тілшісі Tengri Sport басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақпаратқа сәйкес, Нұрсұлтанов уақытша чемпиондық белбеу үшін айқасқа шығу мүмкіндігіне ие болды. Қарсылас тараптың нақты жауабы алдағы екі апта ішінде белгілі болады деп күтілуде. Сонымен қатар боксшы бұған дейін екі рет ала алмаған АҚШ визасын енді иеленген.
Қазіргі таңда WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы – доминикандық Карлос Адамес. Ал уақытша чемпиондық белбеу 2024 жылдың желтоқсанынан бері америкалық Хесус Рамостың еншісінде.
Бұл салмақта Қазақстан атынан тағы бір чемпион – Жәнібек Әлімханұлы өнер көрсетіп жүр. Ол WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанса, бұған дейін IBF белбеуін де иеленген. Алайда кейін допинг сынамасына байланысты бұл титулынан айырылған.
Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов соңғы екі жылда рингке шықпаған. Оның соңғы жекпе-жегі 2023 жылы өтіп, ол чилилік Хулио Аламосты төрешілер шешімімен жеңген еді.
Сондай-ақ Нұрсұлтанов бірнеше жылдан бері WBC тұжырымы бойынша міндетті үміткер саналғанымен, қазіргі чемпион тарапынан жекпе-жекке келісім әлі берілмей келеді.