«Turgyndar amanaty»: Маңғыстауда тұрғын үй басқаруды цифрландыру мәселесі көтерілді

/
«Turgyndar amanaty»: Маңғыстауда тұрғын үй басқаруды цифрландыру мәселесі көтерілді
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«TURGYNDAR AMANATY» жобасының басты мақсаты – қолайлы, қауіпсіз және заманауи қалалық орта қалыптастыру, сондай-ақ тұрғындардың белсенділігін арттыру. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Ақтау қаласында өткен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбындағы өңірлік форум жұмысында мәлімдеді. Ол күн сайын халықпен тікелей жұмыс істейтін МИБ және ПИК төрағалары тұрғындардың нақты сұранысын жақсы білетінін және «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасының қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Форум жұмысына Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Самат Мусабаев пен Еділ Жанбыршин, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, партия филиалдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ өңірдегі МИБ және ПИК өкілдері қатысты.

Өз кезегінде, партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев Маңғыстау облысы еліміздегі жетекші өндірістік орталықтардың бірі ретінде стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде: 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, 13 «жайлы мектеп» салынуда, медициналық және спорт нысандары бой көтеруде. Жыл басынан бері облыс аумағындағы құрылыс жұмысының көлемі 9,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,1%-ға артты. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 36,9%-ға өсті. Бүгінде облыста 1 938 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың 1 076-сы кондоминиум нысаны ретінде жұмыс істейді. Тұрғын үй қорының қарқынды дамуы оны пайдалану мен күтіп-ұстау барысындағы жүйелі тәсілді талап етеді.

Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы партия тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалауға арналған қоғамдық тірек ретінде іске қосылды. Жыл басынан бері осындай форум-семинарлар Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай облысында өтіп, өз тиімділігін дәлелдеді.

«Біз бұл жұмысты Маңғыстауда жалғастырып отырмыз. Сіздер – тұрғын үй бірлестіктерінің жетекшілері тұрғындармен байланыс орнататын негізгі буын саналасыздар. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында келесі шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл – МИБ және ПИК төрағаларына арналған «OSI-SKILLS» форматындағы оқыту семинарларын ұйымдастыру. Сондай-ақ қалалар мен аудан орталықтарында МИБ және ПИК төрағаларының жұмысын жүйелейтін қалалық кеңестер құру», – деді партия Хатшысы.

Жоба аясында құрылыс салушылардың кепілдік мерзімін ұлғайтудан бастап, инженерлік желілерді коммуналдық қызметтерге беру рәсімдерін жеңілдетуге және басқару үдерістеріне цифрландыруды енгізуге дейінгі жүйелі мәселелерді шешу ісіне ерекше назар аударылады.

Өз кезегінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту қадамы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз әрі сапалы орта қалыптастыру. Бұл бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тек бірлескен әрі жауапты жұмыс арқылы ғана нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Форум барысында «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы мен басқарушы және сервистік компаниялардың өңірлік қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар МИБ және ПИК өкілдерінің белсенділері алғыс хаттармен марапатталып, бірқатар азамат салтанатты түрде партия қатарына қабылданды.

Іс-шара сарапшылар мен сала мамандарының қатысуымен өткен пікірталас алаңында түйінделді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары