Семейде жаңа спорт кешенінің іргетасы қаланды

/
Семейде жаңа спорт кешенінің іргетасы қаланды
Абай облысы әкімдігі

Бүгін Семей қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Шараға облыс  әкімі Берік Уәли, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында жүзеге асырылатын жобаның өңір тұрғындары үшін маңызы жоғары екенін атап өтті. 

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамалары аясында халықтың әл-ауқатын арттыру, бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында бұқаралық спортты дамыту – салауатты ұлт қалыптастырудың маңызды элементі екенін атап өтті. «Абайға құрмет» акциясын ірі инвесторлар да қолдап отырғанын ілтипатпен айта кеткен жөн. Атап айтсақ, «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда 18 мың көрерменге арналған жаңа стадион құрылысын бастап кетті. Осы үрдіспен «Самұрық – Қазына» АҚ спорт кешенін салуға өз қолдауларын білдіріп отыр. Бұл – өңіріміз үшін үлкен қуаныш. Бұл жоба тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына және бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпін береді. Аталған нысан – тек спорт кешені ғана емес, ол – елдің болашағы саналатын жастардың денсаулығын нығайтуға, жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған әлеуметтік маңызы жоғары жоба. Осы төңіректе 15 мыңға жуық халық тұрады. Бұл – осы ауданда салынғалы тұрған алғашқы спорт кешені. Құтты болсын», – деді Берік Уәли.

«Самұрық Қазына» басшысы жаңа нысанның қала тұрғындары үшін маңызды орталыққа айналатынын атап өтті.

«Қазір «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ел бойынша ашылған 19 ірі спорт нысаны жұмыс істеп тұр және аталған кешендерде 700 мыңнан астам адам спортпен айналысуда. Спорт инфрақұрылымын дамыту – қордың негізгі әлеуметтік жауапкершіліктерінің бірі. Соңғы 8 жылда Абай облысында 4,3 млрд теңгеге 19 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Біз бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыра беретін боламыз. Бүгін құрылысы басталған нысан тұрғындардың спортпен айналысып, денсаулығын жақсартуға ықпал етеді»,  – деді ол.

Жаңа нысан «Абайға құрмет» акциясы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы қаржыландырылуда. Жалпы ауданы 2000 шаршы метр болатын екі қабатты орталықта әртүрлі спорт түрлеріне арналған зал, 100 көрерменге арналған трибуна, күрес және бокс залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер қарастырылған. Спорт кешені оң жағалауда, Сәтбаев көшесінде салынатын болады. Кешен лифтпен жабдықталады, соның арқасында екінші қабатқа барлық келушілер, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолжетімді болады. Жобаны іске асыруға шамамен 1,6 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Абайға құрмет» акциясы аясында Алматы облысы Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданындағы жаңадан салынған саябаққа «Алтын адам» мүсінін орнатты. Маңғыстау облысының сыйлығы Достық үйінің құрылысы жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облысының сыйы Рәміздер алаңының құрылысы Бейбітшілік аралында қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ, Қостанай облысы руханият орталығын, Алматы қаласы медиаорталық, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзені жағалауын абаттандырады. Шымкент қаласы шығармашылық орталығымен қатар Семей қаласының Водный кентіне Мәдениет үйін сыйға тартпақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары