Оңтүстік Кореяның 30 елді мекенінде қазақ ертегісі сахналанды

Оңтүстік Кореяның 30 елді мекенінде қазақ ертегісі сахналанды

Оңтүстік Кореяның 30 елді мекенінде қазақ ертегісі сахналанды
ашық дереккөзі
393
Оңтүстік Кореяда қазақ ертегісі сахналанды. Бүгінде оны 30 елді мекен халқы тамашалап үлгерді деп хабарлайды 24.kz. Ертегіні Азия мәдени орталығы аударған. Алдағы уақытта олар тағы бірнеше қазақ ертегісін корей тілінде сөйлетуді жоспарлап отыр. Азия орталығы Кванджуда орналасқан. Орталықтың мұрағатында Қазақстандағы корей диаспорасының өкілі белгілі композитор Тен Чудың шығармалары жинақталған. Ол осы Кванджуда туғанымен, саналы ғұмырын қазақ жерінде өткізді. Қыздар педагогикалық институтында, қазақ ұлттық педагогикалық университетінде абыроймен қызмет атқарды. Осыдан 4 жыл бұрын Тен Чу дүниеден озды. Азия мәдени орталығы оның музыкалық мұраларын халыққа таныстыруды жөн санайды. Сонымен қатар, мәдени орталықтың кітапханасынан Азия елдері жазушыларын шығармаларымен танысуға болады. Әзірге мұнда қазақстандық қаламгерлердің кітаптары жоқ. Бірақ алдағы уақытта Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың нәтижесінде жұмыс жандана түсетіндігіне сенім мол. Пан Сон Гю, Азия мәдени орталығының президенті: – Біздің орталық 2015 жылдың соңына қарай ашылды. Әзірге Қазақстанның мәдениеті туралы жинаған материалдарымыз көп емес. Сондықтан сіздердің мәдениет және спорт министрлігімен келісіп жатырмыз. Олар да бізге көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Әзірге, кәріс тіліне қазақтың «Жезтырнақ», «Пері және Мамай» ертегілері аударылып, сахналанды. Чой Джин И, Азия мәдени орталығы тобының жетекшісі: – Біз спектальді қою барысында қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ таныстық. Салт дәстүрлері туралы дерек жинадық. Қуыршақтарды да өзіміз жасадық. Заманауи аудио және бейнетехника сәтті қолданылды. Қойылым қаланың бірнеше театрында сахналанады. Биыл Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Осы айтулы датаға орай Азия мәдени орталығы қазақстандық жазушылар мен суретшілердің көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазақ ертегілерінің жинағын басып шығармақ.

Серіктес жаңалықтары