Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мутәлі Премьер-Министр Олжас Бектенов атына таулы аймақтардағы сел қаупінің алдын алу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутат өз сауалында Қазақстанның таулы өңірлерінде сел қауіпсіздігі жүйесі жеткілікті деңгейде дамымағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе шұғыл назарды және жүйелі тәсілді талап етеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында табиғи апаттарды болжауда цифрлық технологияларды тиімді пайдалануды тапсырғаны еске салынды.
Талдау деректеріне сәйкес, 2021–2025 жылдар аралығында ел аумағында 17 сел оқиғасы тіркелген. Олар «минималды әсер» санатына жатқызылғанымен, тәуекелдерді толық бағалауға қажетті нақты әрі терең ақпарат жеткіліксіз. Селдердің негізгі себебі ретінде қарқынды жауын-шашын көрсетілген.
Инфрақұрылым мәселесі де алаңдатарлық. Соңғы жылдары тек Алматы қаласындағы «Аюсай» селге қарсы бөгеті іске қосылған. Бұл сел қаупі жоғары басқа өңірлер үшін жеткіліксіз екені атап өтілді.
Цифрландыру бағытында да кемшіліктер бар. «Қазақстан Ғарыш Сапары» жүйесі мен жекелеген мониторинг құралдары жұмыс істегенімен, жасанды интеллектке негізделген толыққанды болжау жүйелері, үлкен деректерді өңдеу және сенсорлық ақпаратты біріктіру тетіктері жеткіліксіз. Кейбір бақылау құралдарының маусымаралық кезеңде өшірілуі қауіпсіздік деңгейін төмендетеді.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйесінің қамту деңгейі небәрі 50,5% екені айтылды. Бұл төтенше жағдай кезінде халықтың жартысына жуығы уақытылы хабар ала алмауы мүмкін дегенді білдіреді. Ал селге қарсы шараларды қаржыландыру жүйелі түрде жүргізілмей отырғаны да сынға алынды.
Депутат халықаралық тәжірибені мысалға келтірді. Атап айтқанда, Жапония кешенді тәсіл арқылы инженерлік қорғаныс, мониторинг және модельдеуді қатар қолданса, Швейцария жасанды интеллектке негізделген талдау жүйелері арқылы қауіп-қатерді дәл болжауға қол жеткізген.
Осыған байланысты Әбутәліп Мутәлі Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді:
– сел қауіпсіздігі бойынша бірыңғай мемлекеттік бағдарлама әзірлеу;
– қауіпті аймақтардағы қорғаныс инфрақұрылымына аудит жүргізу;
– барлық сел және су тасқыны қаупі бар өңірлерді 100% ескерту жүйелерімен қамту мерзімін белгілеу;
– жасанды интеллектке негізделген болжау жүйелерін енгізіп, барлық деректерді бірыңғай платформаға біріктіру.
Сауал соңында депутат қабылданатын шаралар туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.