Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиға болды. Жергілікті Мәдениет үйінің шатырынан қаптама кірпіш құлап, үш жасар баланың үстіне түскен. Бала ауыр жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ekaraganda.kz жазуынша, оқиға туралы алғаш болып баланың ата-анасы әлеуметтік желіде хабарлады.
Полиция департаменті бұл деректі растады және тергеу басталғанын мәлімдеді.
«ҚР Қылмыстық кодексінің “Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауар шығару немесе сату, жұмыс орындау не қызмет көрсету” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізілген және дәрігерлердің бақылауында. Баланың жағдайын нақтылау үшін тілші денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдады.