«25 млн теңге талап еткен»: Жетісу облысында хат алмасу арқылы бопсалаған күдікті ұсталды

/
«25 млн теңге талап еткен»: Жетісу облысында хат алмасу арқылы бопсалаған күдікті ұсталды
Polisia.kz

Жетісу облысында жеке сипаттағы мәліметтерді таратамын деп қорқыту арқылы ақша бопсалау дерегі әшкереленіп, жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ескелді ауданының 22 жастағы тұрғыны жәбірленушімен бұрын жеке қарым-қатынаста болған. Алайда уақыт өте келе бұл байланыс үзілген. Осыдан кейін күдіктінің бойында заңсыз пайда табуға бағытталған қылмыстық ниет қалыптасқаны анықталды.

Тергеу барысында күдіктінің қарым-қатынас кезінде алынған жеке ақпаратты құрал ретінде пайдаланғаны белгілі болды. Ол мессенджер арқылы жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне, сондай-ақ іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, жүйелі түрде хабарламалар жолдаған.

Психологиялық қысымды күшейту мақсатында күдікті "құпиялылық туралы келісім" ретінде рәсімделген жалған құжат жіберіп, үшінші тұлғаның шотына 25 млн теңге аударуды талап еткен. Жәбірленуші мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін жеткізгеніне қарамастан, талаптар өзгеріссіз қалған. Қорқыту мен қысымның салдарынан жәбірленуші 200 мың теңге көлемінде ақша аударуға мәжбүр болған.

Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшерде мүлікті иемдену мақсатында жасалған бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті қамауға алынды.

Полиция азаматтарға ескертеді: кез келген қорқыту, қысым көрсету немесе бопсалау әрекеті, оның ішінде цифрлық кеңістікте жасалған құқық бұзушылықтар да, заң аясында қатаң жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайларда уақыт жоғалтпай, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары