4,8 млн теңге: Батыс Қазақстан облысының тұрғыны ағасының қойларын сатып, бәске тіккен

/
4,8 млн теңге: Батыс Қазақстан облысының тұрғыны ағасының қойларын сатып, бәске тіккен
istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысының Тасқала аудандық соты бақташыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылдың тамыз айынан 13 қазанына дейін сотталушы ағасының қолында жұмыс істеп, 90 қойдан тұратын табынға қараған.

«Сотталушының құмар ойындарға тұрақты әуестігі болған және букмекерлік кеңседе үнемі бәс тіккен. Соның салдарынан ол біртіндеп ауыр материалдық жағдайға тап болып, таныстарынан қарыз алып, алған ақшасының бәрін құмар ойындарға жұмсаған. Қарыздарын өтеуге мүмкіндігі болмай, 2025 жылдың қыркүйек айынан 13 қазанына дейінгі аралықта, жасырын түрде, иесінің сенімін және бақылаудың жоқтығын пайдаланып, қойларды ұрлап, оларды әртүрлі адамдарға төмен бағамен сатып отырған. Түскен ақшаны букмекерлік кеңседе бәс тігуге және қарыздарын өтеуге жұмсаған. Осылайша жәбірленушіге 4 840 000 теңге көлемінде залал келтірген», – делінген сот хабарламасында.

Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, өзінің лудоманияға шалдыққанын жеткізді. Жәбірленуші бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды және азаматтық талапты қараусыз қалдыруды сұраған.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оны мүлкін тәркілемей, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Үкім заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары