Қазақстандық курсанттар халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды

/
Қазақстандық курсанттар халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды
Қорғаныс министрлігі

Ресей Федерациясының Воронеж қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер жоғары әскери оқу орындарының курсанттары арасында өткен X халықаралық информатика олимпиадасы аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үздік үштікке енді. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары халықаралық аренада ел намысын қорғады. Олимпиадаға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан елдерінен алты команда қатысты.

Үш кезеңнен тұратын жарыс әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды шешуді қамтыды. Бірінші кезеңде қатысушылар алгоритмдік ойлау қабілеттерін көрсетсе, екінші кезеңде ақпараттық технологиялар саласындағы білімдерін дәлелдеді. Ал соңғы кезеңде бағдарламалау мен жүйелік талдау элементтерін біріктіретін кешенді тапсырмаларды орындады.

Тартысты бәсекеге қарамастан, Қазақстан командасы жақсы нәтиже көрсетті. Қатысушылар үшін отандық әскери оқу орындарында қолданылатын жүйеден өзгеше операциялық жүйені пайдалану қиындық туғызғанын айта кету керек.

Команда жетекшісі, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты жаратылыстану-ғылыми пәндер кафедрасының басшысы Раушан Игілікова атап өткендей, курсанттардың жаңа техникалық жағдайларға тез бейімделу қабілеті шешуші рөл атқарды.

Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасы үшінші орынды иеленді. Ал Ресей Федерациясы жеңіс тұғырына көтерілсе, екінші орын Беларусь Республикасына бұйырды.

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, бағалы сыйлықтармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары