Бородулиха ауданы прокуратурасының тексеру нәтижелері бойынша балаларды асырауға арналған алимент төлеуден қасақана жалтарған тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бір жағдайда борышкер екі баласын асырауға арналған қаражатты төлемей, әдейі жұмысқа орналасудан бас тартқан. Нәтижесінде оның берешегі 1,7 млн теңгеден асқан.
Екінші жағдайда борышкер екі баласына 700 мың теңгеден астам қарызы бола тұра, өзінің жұмысқа орналасқаны туралы жеке сот орындаушысына хабарламаған.
Абай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімдерімен ауданның екі тұрғыны ҚР ҚК-нің 139-бабы (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
Сонымен қатар, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сот процестері 12 алимент борышкері мен өндіріп алушылардың қатысуымен көрсетілімді түрде өткізілді.
Мұндай іс-шараларды өткізу ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалардың тиісті түрде қамтамасыз етілу құқықтарын қорғауға бағытталған.
Аудан прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда және барлық ата-аналарды балалар алдындағы міндеттерін уақтылы орындауға шақырады.