Қарағанды қаласынан әскерге шақыртылған Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Бексұлтан Серікбеков ішекті, үрмелі және пернелі музыкалық аспаптарды жетік меңгерген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның қолына алған алғашқы саз құралы домбыра болды. Тоғыз жасында ұлттық аспапты ұршықша иірген Ұлттық ұлан жауынгері бүгінгі таңда қырыққа жуық күй біледі. Ол 2021 жылы Астана қаласында өткен "Ақсұңқар" республикалық жас орындаушылар байқауында бірінші орынды жеңіп алған.
«Күйшіден күй сұрасаң көбісі танымал Адай, Балбырауын туындыларын есіне алып жатады. Ал маған "Алатау" күйін орындаған ұнайды. Музыкалық туындының ырғағы баяу және терең ойға бойлатады. Жалпы, мен домбыра тартсам, ішімдегі артық қуаттан арылып, өзімді жеңіл сезінемін. Сондықтан әскерге домбырамды алып келдім», - дейді қатардағы жауынгер Бексұлтан Серікбеков.
Домбыра тартуға деген құлшыныс мектеп бітірген Бексұлтанды Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжіне алып келген. Қатардағы жауынгер оқу орнында домбыра ойнаумен шектеліп қалмады. Ол өнер ошағында қылқобыз, прима қобыз, флейта және фортепианода ойнауды үйренді.
«Мен бес түрлі музыкалық аспапты меңгердім. Алдағы уақытта әскери оркестр қатарына қосылып, өнер мен әскери қызметті ұштастырғым келеді. Сонымен қатар ұлттық музыкалық аспаптарда өнер көрсетуді жалғастырмақпын. Әсіресе, әлем елдеріне қылқобыздың ерекше үнін тыңдатуды армандаймын», - дейді қатардағы жауынгер.
Мерзімді әскери қызметші әскери бөлімде, сонымен қатар қалалық деңгейде өтетін іс-шараларға белсене қатысады. Павлодар қаласының қауіпсіздігін қадағалайтын қырағы жауынгер жауынгерлік қызметте де тайсалмас батылдығымен ерекшеленеді.