205
Жастардың 79,6 пайызы дін ұстанады
Жастардың 79,6 пайызы дін ұстанады
Қазақстанда қазіргі уақытта жастар саны 4 млн шамасында. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, жастардың 79,6 пайызы дін ұстанады, оның 9,9 пайызы белсенді түрде дінге бет бұрған.
Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Жастар арасындағы діни экстермизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» атты республикалық конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, діни бірлестіктердің өкілдері, студент жастар, сарапшылар қатысты.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда 4 млн жастар бар. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі таңда жастардың 79,6%-ы діни көзқарастарды ұстанады. Олардың арасындағы дінді белсенді ұстанушылардың үлесі 9,9%. 2013 жылдан бастап, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы дін істері жөніндегі өкілетті органмен бірлесіп, еліміздің 10 өңірінде «Әйел және дін» атты жобаны жүзеге асырып келеді», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы.