388
Діни бірлестіктерге арналған заңнамаға өзгеріс енгізіледі
Діни бірлестіктерге арналған заңнамаға өзгеріс енгізіледі
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, діни қызмет және діни бірлестіктерге арналған заңнамаға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң жобасының негізгі нормалары ішінде балаларды заңсыз діни қызметке тартқаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі бар. Сонымен бірге діни әдебиетті тарату және діни сараптаманы өткізу тәжірибесін жетілдіру ұсынылуда. Шетелде діни білім алу, миссионерлік қызметті реттеу нормалары да қарастырылған. Бұл бастамалардың барлығын қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар ұсынды. Бүгінгі таңда талқылау шаралары жалғасуда. Заң жобасын жылдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді Ермекбаев министрліктің бүгінгі алқа мәжілісінде.
Айта кетейік, мәжіліс кезінде министр мемлекет пен дін арасындағы байланыстың жаңа моделін қалыптастыру шараларының қолға алынғанын жеткізді. Аталған модель дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына негізделеді.