Шымкентте жасанды интеллектке арналған халықаралық форум өтіп жатыр

/
Шымкентте жасанды интеллектке арналған халықаралық форум өтіп жатыр
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Бүгін Шымкентте ел экономикасын практикалық цифрлық және AI-трансформациялаудың жаңа ұлттық платформасына айналған Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Digital Qazaqstan – Қазақстанда ресми түрде жарияланған Жасанды интеллект жылы аясындағы іс-шаралардың ауқымды сериясын ашатын алғашқы халықаралық оқиға. Жыл бойы ел аумағында технологияларды азаматтардың өміріне терең интеграциялауға бағытталған тағы да көптеген бастамалар жүзеге асырылмақ.

Биыл Digital Almaty халықаралық алаңы өңірлерді дамытуға және жасанды интеллектіні нақты секторға енгізуге бағытталған жаңартылған форматқа трансформацияланды. Форумның маңызды индустриялық орталық ретінде Шымкентте өткізілуі Қазақстанның технологиялық дамудағы өңірлердің рөлін күшейтуге және тұрақты цифрлық экожүйені қалыптастыруға бағытталған стратегиялық курсын айқындайды.

Іс-шараның негізгі тақырыбы – «Industry 5.0: Іс-қимыл бірлестігі» атты жаңа индустриялық дәуір. Оның тұжырымдамасы адам мен технологияның синергиясына негізделген, мұнда жасанды интеллект, деректер және робототехника өнімділікті арттыру мен тұрақты дамудың құралы ретінде қызмет етеді.

Сонымен қатар форумда еліміздегі ауқымды саяси жаңғырулар да назардан тыс қалған жоқ. Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлінің айтуынша, жуырда өткен жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызметін түбегейлі жаңғыртып, мемлекеттің азамат мүддесіне қызмет етуінің жаңа моделін айқындады.

Оның айтуынша, Негізгі Заңда адами капиталды дамыту, білім, ғылым және инновация стратегиялық басым бағыттар ретінде бекітіліп, цифрлық трансформацияны жүзеге асыруға берік негіз қаланды.

«Он екі күн бұрын еліміз жалпыұлттық референдумда азаматтардың басым көпшілігімен жаңа Конституцияны қабылдады. Ол осы жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді.

Жаңа Конституция цифрлық трансформацияны айтумен шектелмей, оны іске асырудың барлық тетігін іске қосады.

Конституция деректер мен технологиялар арқылы «Әділетті Қазақстан» моделіне өтуді заңдастырып қана қоймай, оны жеделдетеді. Сондай-ақ Конституция бізге қорғалған цифрлық инфрақұрылым жасақтауға негіз қалыптастырады. Бұл ретте кез келген алгоритмдер мен жасанды интеллект жүйелерін енгізу ашық, этикалық болуы және адам құқықтарын бұзбауы тиіс.

Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшартты қамтамасыз етті. Ол қарқынды, әділ және прогрессивті мемлекет үшін қызмет етеді.

Ал «Digital Qazaqstan» стратегиясы – бұл сөзді іспен дәлелдеуге арналған нақты жоспар. Жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның диджиталда оянған азаматтарын адастырмайтын компас іспетті», - деді депутат.

Мұнда адамдардың барынша қатысуына ерекше назар аударылған: форум ең алдымен, цифрландыру мен ЖИ-дің әрбір адамның мүмкіндіктерін кеңейтуге, таланттарды дамытуға және инклюзивті технологиялық орта құруға арналған, құрал екенін көрсетеді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ұйымдастырған форум мемлекет қайраткерлерін, халықаралық корпорациялар басшыларын, инвесторлар мен жетекші IT-сарапшыларды бір арнаға тоғыстырды. Цифрлық трансформация мен ЖИ келешегін талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Турлов, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысып, цифрлық экономиканың дамуына мемлекеттік және корпоративтік көзқарастарын ұсынуда. Сондай-ақ пікірталасқа венчурлік нарық пен IT-индустрияның танымал көшбасшылары, соның ішінде MA7 Ventures негізін қалаушы Мұрат Әбдірахманов, Yandex Qazaqstan CEO-сы Тимур Шалекенов, Women in Tech Kazakhstan CEO-сы Әсел Болатжан және Booking.com әзірлеушісі Нарикби Мақсұт сынды халықаралық сарапшылар қосылды.

Бағдарлама өнеркәсіп пен мемлекеттік басқаруға AI-шешімдерді енгізудің негізгі сценарийлерін қамтиды. Digital Qazaqstan 2026 - бұл Қазақстан өңірлері жалпыұлттық цифрлық қозғалысқа қосылып, тәжірибе алмасатын біртұтас кеңістік. Форум аясында өнеркәсіпте, мемлекеттік қызметтерде және әлеуметтік салада AI-шешімдерді енгізудің үздік тәжірибелерін марапаттайтын Digital Qazaqstan Awards ұлттық сыйлығы таныстырылды.

Форумның интерактивті аймақтарында робототехника мен автономды жүйелер саласындағы технологиялық жетістіктер, сондай-ақ отандық әзірлеушілердің перспективалы шешімдері көрсетілуде.

Айта кетейік, 2026 жылғы форумды ұйымдастыру мемлекеттік бюджеттен тыс, толығымен серіктестердің қолдауы мен демеушілік қаражат есебінен іске асырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары