Алматы қаласында «A.SIRIUS» қызметтік ит өсіру клубының ұйымдастыруымен барлық тұқымдағы иттердің «Созвездие A.SIRIUS 2026» халықаралық көрмесі өтті. Іс-шарада халықаралық деңгейдегі сарапшылар төрешіліктің жоғары сапасы мен объективті баға берілуін қамтамасыз етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Көрмеге барлығы 41 тұқымнан 106 ит қатысты. ҚР ІІМ Ұлттық ұланы кинологиялық орталығының атынан 4 қызметтік ит пен 2 күшік бақ сынады. Олардың барлығы «Өте жақсы» және «Өте жоғары» бағаларын алып, FCI халықаралық стандарттарына толық сәйкестігін растады.
Әсіресе сержант Дәуірбек Мұсабековтің асыл тұқымды «Санди» неміс овчаркасы жоғары нәтиже көрсетті. Ашық сыныпта «Өте жоғары» бағасына ие болып, «CAC» титулын жеңіп алды. Осылайша, ол Ресей Федерациясының және «A.SIRIUS» клубының ұлттық сұлулық чемпионы атағына үміткер атанды.
Сондай-ақ бельгиялық овчарка (малинуа) тұқымының өкілдері де үздік нәтижелерге қол жеткізді. Кіші сержант Дастан Туниязовтың «Айс» атты күшігі «жасөспірімдер» сыныбында әртүрлі тұқымдар арасында екінші орынды иеленіп, «Best Junior» және «BJC» титулдарын жеңіп алды. Ал «Ада» күшігі үшінші орынды иеленіп, «Үлгілі өсірілген» деген бағаға ие болды.
Сержант Санат Үшбаевтың «Слейт» атты қызметтік ит ашық сыныпта «CAC» және «CACIB» титулдарын иеленді. Ал сержант Павел Графкиннің қарауындағы «Verleinix of flying porkies» атты асыл тұқымды ит «RCAC» титулына ие болды. «Артист» күшігі көрмедегі барлық күшіктер арасында үздік атанып, «Best puppy» титулын жеңіп алды және тұқым ішіндегі ең үздік ит ретінде танылды.
Жеңімпаздар дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Халықаралық сарапшылар тарапынан берілген жоғары бағалар Кинологиялық орталықтағы асыл тұқымды іріктеу және селекциялық жұмыстың жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Қол жеткізілген нәтижелер қызметтік иттерді жүйелі дайындау, дұрыс күтіп-ұстау және сапалы жаттықтыру жұмыстарының тиімділігін айқын дәлелдейді. Бұл өз кезегінде кинологиялық бөлімшелердің әлеуетін арттырудың маңызды факторы саналады.