Ұлттық ұлан сарбазы мен оның жұбы «Наурыз балының» жеңімпазы атанды

/
Ұлттық ұлан сарбазы мен оның жұбы «Наурыз балының» жеңімпазы атанды
Ұлттық ұлан

Теміртау қаласында Ұлыстың ұлы күніне орай, жастар арасында тұңғыш рет "Наурыз балл 2026" шарасы өтті. Көркемдік-шығармашылық шараға жалпы қала белсенділері, университет және колледж студенттері, сондай-ақ сарбаздардан құралған 50 жұп қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Балл Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтың құттықтауымен басталды. 5516 әскери бөлімнің командирі подполковник Данияр Өсербаев аталмыш іс-шараға құрметті қонақ ретінде шақырылды. Жұптық би сайысына республикалық байқаулардың лауреаттары, өнер қайраткерлері әділ-қазылық етті. Қатысушылар 1 ай көлемінде кәсіпқой хореографтардан бидің қыр-сырын үйреніп, жауапты сынға тыңғылықты дайындалды.

Байқау күні салтанатты залдағы атмосфера ерекше болды: әсем әуен, вальс, ұлттық нақыштар және тартымды жастар. Елу жұп өздерінің би шеберлігі мен өзара үндестігін көрсетіп, көрермендерге нәзіктік пен сұлулыққа толы күй сыйлады. Сарбаздардың темірдей тәртібі, сұңғақтығы мен сымбаттылығы, бойындағы азаматтық рухтары көзге бірден көрінді.

Байқаудың бас жүлдесі әділ-қазылар алқасының шешімімен 5516 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Ерасыл Асқар мен оның жұбы Мерей Толыбайға берілді. Көп ішінен дараланған әсем жұп “Наурыз балл — 2026" ханзадасы мен ханшайымы атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұландық әскери қызметшілер қаланың қоғамдық тыныштығын сақтап қана қоймай, мәдени тыныс-тіршілігіне де белсене қатысатындарын көрсетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары