Жамбыл облысының Сарысу аудандық сотында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп айыпталған азаматша К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылдың қазан айында Жаңатас қаласында монша ғимаратының алдында сотталушы мен жәбірленуші арасында ауызша жанжал туындаған. Жанжал кезінде сотталушы қолында тұрған смартфонымен жәбірленушінің басынан ұрған.
Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің миы шайқалған, бірінші дәрежелі ми контузиясы, сондай-ақ сынық түріндегі жабық ми жарақатын алған. Бұл адам өміріне қауіпті денсаулыққа ауыр зиян санатына жатады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады.
Сотта жәбірленуші сотталушыны кешіретінін айтты.
Сот үкімімен сотталушы К. ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны орындау жас балалардың болуына байланысты 5 жылға кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енді.