Астанада Ұлттық киім күні қалай атап өтіледі?

/
Астанада Ұлттық киім күні қалай атап өтіледі?
istockphoto.com

«Наурызнаманың» онкүндігі аясында 18 наурызда Ұлттық киім күні аталып өтеді. Осы күнге орай Астанада ұлттық киімді дәріптейтін ондаған іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана әкімдігінің ақпаратынша, 18 наурызда сағат 14:00-де К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ерекше Nauryz Show Fashion шоуы өтеді.

Іс-шара ұлттық мәдениетті заманауи мода арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Шоу барысында қазақ тарихы мен дәстүрлі киім үлгілері көрерменге авторлық образдар арқылы және қазіргі заманғы fashion-трендтермен үйлестіре көрсетіледі.

Назар орталығында – «Наурыз портреті» алып панно бір апта бойы университеттің фойесінде болады. Қызығушылық танытқандар оның жасалуына қатысып, Наурыз мерекесіне өз үлестерін қосуы мүмкін.

Nauryz Show Fashion – бұл тек сән көрсетілімі емес, өнер мен дизайнды, мәдени мұраны біріктіретін шығармашылық алаң. Қонақтарды стиль, ұлттық бояу мен шабытқа толы ерекше атмосфера күтеді.

Сол күні К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Сценография және декоративтік өнер» кафедрасында «Ethno show KAZNUA» киім көрсетілімі өтеді.

Дефилеге «Сценография – Киім дизайны» білім беру бағдарламасының 2-3 курс студенттері қатысады.

Студенттер этно-стильде жасалған заманауи авторлық киім үлгілерін ұсынады.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда 18 наурызда сағат 13:00-де республикалық «Алтын әже» байқауы өтеді. Іс-шара рухани, мәдени және отбасылық құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ ұлттық дәстүрлерді сақтау мақсатында ұйымдастырылған.

Байқауға әр өңірден белсенді әрі талантты әжелер қатысып, шығармашылық нөмірлер, ұлттық образдар, отбасылық дәстүрлер көрсетіледі. Жоба ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға және аға буынның жастар тәрбиесіндегі маңызды рөлін көрсетуге бағытталған.

Қонақтарды бай мәдени бағдарлама, ұлттық киімдердің көрсетілімі, қатысушылардың шығармашылық қойылымдары және Наурыз мерекесіне арналған жылы мерекелік атмосфера күтеді.

«Алтын әже – 2026» республикалық байқауының ұйымдастырушысы – TAJ Models этика және модель өнері агенттігі. «Хан Шатыр» СОО-да қонақтарды және келушілерді қазақстандық дизайнерлердің ұлттық киім коллекциялары таныстырады.

Жас дизайнерлер байқауына құрметті қонақ ретінде Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір орталығының «Ақ бата» этноклубы қатысады. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Кәсіби-техникалық колледжі ұйымдастырған.

«MEGA SilkWay» СОО-да «Қазақ халқының ұлттық киімі – ұлттың бет-бейнесі» атты театрландырылған іс-шара өтеді. Ұйымдастырушы – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы. Іс-шараның мақсаты – ұлттық киімнің тарихи маңыздылығын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүр мен заманауи сәннің үйлесімін көрсету, сондай-ақ қоғамның ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыру.

«Ұлттық киім» парадында «Ұмай ана», «Әділ-ай» сән клубы, «Жарас», «Құралай», «Хан», «Назим», «Дәстүр», «Асах», «Қазақ ордасы» сән орталықтарының қазақ стиліндегі коллекциялары көрсетіледі. Іс-шараға сондай-ақ дәстүрлі әншілер Айгүл Елшібаева мен Жазгүл Дауылбаева, бірнеше аспапта өнер көрсететін Еділ Құсайынов және «Сарайшық» этноансамблі қатысады.

Басталуы: сағат 18:40-та.

 Ұлттық киім күні аясында «Тұрандот» мейрамханасында қонақтарға ұлттық киім киген роботтар қызмет көрсетіп, дәстүрлі даяшылардың орнын басады. Мұндай атмосфера мәдени дәстүрлер мен заманауи технологиялардың ерекше үйлесімін жасайды.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Есіл ауданында «Наурызнаманың» онкүндігі бойынша іс-шаралар инновациялық шешімдер мен цифрлық құралдарды пайдалана отырып өткізіледі.

Бұл дәстүрлер мен прогрестің үйлесімділігі бар заманауи, технологиялық қоғам құруға ұмтылысты көрсетеді.

Ұлттық киім күні – халықтың мәдени мұрасы мен сәйкестігін бейнелейтін күнде заманауи технологияларды қолдану символикалық мәнге ие.

Мұндай формат ұрпақ сабақтастығы идеясын айқындайды: өткенге құрмет көрсетіп, қоғам ұлттық құндылықтар мен цифрлық дәуір жетістіктерін біріктіре отырып, сенімді түрде болашаққа қадам басады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар