Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Кеңесінің халықаралық істер және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Александр Горошкин елімізде референдумға байланысты ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Сіздің мемлекетіңіздің әрбір азаматы өз пікірін білдіруге мүмкіндік алды. Бүгін таңертеңнен бастап Астана мен өңірлердегі учаскелерде болып, Қазақстан халқы Конституция қабылдаумен келісетінін немесе келіспейтінін білдіруге, яғни өз ойын айтуға толық мүмкіндігі бар екеніне көз жеткіздік», – деді Александр Горошкин Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз конференциясында.
Ал Ресей Федерациясының Қорғаныс жөніндегі Федералды Жиналысының Мемлекеттік Думасы комитетінің төрағасы Андрей Картаполов референдумның өтуімен құттықтады.
«Біз адамдардың өз еркімен келгенін көрдік. Оларды ешкім жіберген жоқ. Олар жүрек қалауымен келді», – деді спикер.
Сонымен қатар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік ассамблеясының байқаушысы өңірлерде адамдардың дауыс беруі сәл өзгеше өтетінін айтты.
«Олар мерекелік көңіл күймен дауыс береді. Біз бірнеше учаскеде болдық. Біз барған әрбір учаскеде учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері ұлттық киім киген. Барлық жерде музыка ойнап, түрлі ансамбльдер өнер көрсетіп жатты. Яғни дауыс беруге келген адам өз болашағы үшін дауыс беріп жатқанын, елдің дамуы үшін өз таңдауын жасап жатқанын түсінуі үшін барлық жағдай жасалған», – деді Андрей Картаполов.
Сондай-ақ спикер ҰҚШҰ ПА байқаушылары тарапынан ешқандай заң бұзушылықтар тіркелмегенін айтты.