Маңғыстау облысының тұрғындары республикалық референдум күні ұлттық киімдегі челлендж бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Республикалық референдум өтетін күні Маңғыстау облысының тұрғындары әлеуметтік желілерде ұлттық киіммен челлендж бастады. Бұл бастама өңір тұрғындары арасында тез таралып, азаматтық белсенділіктің жарқын көріністерінің біріне айналуда.
Челлендж азаматтардың референдумдағы дауыс беруге қатысуының маңызын көрсетіп қана қоймай, ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды сақтау және насихаттауға да ықпал етеді.
Өңір тұрғындары сайлау учаскелеріне ұлттық киіммен келіп, дауыс беруге қатысып, әлеуметтік желілерде фото және бейнероликтер жариялауда. Осылайша челленджге қатысушылар ұлттық мәдениетке деген құрметін білдіріп, сонымен қатар азаматтық ұстанымдарын да көрсетуде.

Айта кетейік, биыл референдум өткізу күні Маңғыстау өңірінде кеңінен атап өтілетін дәстүрлі Амал мерекесімен тұспа-тұс келді. Бұл күні тұрғындар бір-біріне қонаққа барып, жылы лебіздерін білдіріп, көрісіп, ізгі тілектер айтады. Сондықтан көптеген тұрғындар сайлау учаскелеріне ұлттық киіммен келіп, бір-бірін мерекемен құттықтап, ерекше бірлік пен сыйластық атмосферасын қалыптастыруда.
Өңірде мұндай бастамалар азаматтық жауапкершілікті арттырып, қоғамдық бірлікті нығайтуға және елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуға деген қызығушылықты күшейтуге ықпал ететіні атап өтілуде. Әсіресе, бұл челленджге жастар белсенді қатысып, ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарайтынын және мемлекет тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетуде.

Қазіргі таңда облыс тұрғындары челленджге белсенді түрде қосылып, сайлау учаскелеріне ұлттық киіммен келіп, референдумда дауыс беріп, әлеуметтік желілерде фото және бейнероликтер жариялауда.
