Қазақтың алғашқы кәсіби музыкант қыздарының бірі, қобызшы Раушан Нұрпейісова 97 жасында дүниеден озды. Бұл туралы журналист Дина Имбай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Раушан Түсіпбекқызы Нұрпейісова әйгілі академик Ахмет Жұбановтың шәкірттерінің бірі, Құрманғазы оркестрінің қобызшысы болған. Атақты қобызшылар Дәулет Мықтыбаевпен, Жаппас Қаламбаевпен қатар өнер көрсеткен.
1957 жылы Атырауда музыкалық училищенің және Дина Нұрпейісова атындағы оркестрдің құрылуына атсалысқан. Өз атында қобызшылар конкурсы бар. Раушан апа тұнып тұрған тарих еді, 1940-жылдардан бергі қазақ мәдениетінің дамуын көзімен көрген, куә болған. Апа Қазақ радиосының жанындағы үйінде тұрған кезінде жиі әңгімелесіп тұратынмын. Соңғы жылдары Астанада, ұлы – белгілі музыкант, мультиинструменталист Еділ Құсайыновтың қолында тұрды", - деп жазды журналист.