Ақмола облысының полицейлері Бурабай курорттық аймағында демалыс орнын брондауға байланысты алаяқтық дерегін тергеп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Көкшетау қаласының 63 жастағы тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болған. Ақпан айының басында оған белгісіз ер адам қоңырау шалып, өзін Бурабайдағы қонақүйлердің бірінің қызметкері ретінде таныстырған. Ол демалысты «тиімді бағамен» брондауды ұсынып, төлемді Kaspi мобильді қосымшасы арқылы аударуға болатынын айтқан.
Әңгімелесушінің сөзіне сеніп, ұсынысқа қызыққан ер адам брондауға келісіп, үшінші тұлғаның нөміріне 600 мың теңгеден астам ақша аударған. Ақшаны алғаннан кейін «қонақүй қызметкері» байланысқа шықпай қойған, ал уәде етілген демалыс жүзеге аспаған.
Брондаудың расталуын да, ақшаның қайтарылуын да ала алмаған жәбірленуші 6 наурыз күні полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шықты және кінәсін мойындаған.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер күдіктінің әрекетінен басқа азаматтар да зардап шеккен-шекпегенін тексеруде.