Рауан Кенжеханұлы: Конституция– ұлттың болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат

/
Рауан Кенжеханұлы: Конституция– ұлттың болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

11 наурыз күні Астанада Парламент депутаттары, саясаттанушылар, академиялық қауымдастық өкілдері, журналистер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сарапшылар алаңы өтті. Іс-шара барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және орнықты мемлекеттің институционалдық архитектурасын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Талқылау аясында білімге негізделген қоғамды дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, инновацияларды қолдау және азаматтардың цифрлық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарда болды.

Bilim Group компаниясының негізін қалаушы әрі жетекшісі, халықаралық «Қазақ тілі»қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Конституция қоғамның құндылықтарын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі әлемде экономикалық өсімнің басты көзі табиғи ресурстар немесе капитал емес, білім мен адам капиталы болып отыр.

«Конституция– тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес. Ол қоғам қабылдаған құндылықтардың көрінісі және ұлттың болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Бүгінде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі білім мен зияткерлік әлеуетке тікелей байланысты», – деді сарапшы.

Ол қазіргі кезеңде ғылым мен технологияның қарқынды дамуы экономиканың жаңа моделін қалыптастырып жатқанын атап өтті. Әлем елдері арасындағы бәсеке тек тауар нарығында ғана емес, білім, ғылым және технология саласында да күшейіп келеді. Университеттер, ғылыми зертханалар мен технологиялық компаниялар экономикалық өсімнің негізгі драйверлеріне айналуда.

Сарапшының пікірінше, Финляндия, Оңтүстік Корея және Сингапур сияқты елдердің тәжірибесі білім мен технологияға негізделген даму стратегиясының тиімді екенін көрсетеді.

Сонымен қатар әлемде цифрлық трансформация қарқын алып келеді. Жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлық платформалар экономика мен қоғам құрылымын өзгертіп жатыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігі және цифрлық теңсіздік мәселелерін өзекті етеді.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.

«Қазақстанның басты артықшылығы – табиғи ресурстар мен адам капиталының үйлесімі. Ендігі міндет – табиғи байлықты технологиялық және зияткерлік капиталға айналдыру», –деді ол.

Сарапшының пікірінше, бұл бағытта Конституцияның рөлі ерекше. Жаңа конституциялық өзгерістер адам капиталын дамытуға, білім мен ғылымды қолдауға, инновацияларды ынталандыруға және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға басымдық береді.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлемде «білім ұлттарының» дәуірі басталып келеді. Қазақстанның да осындай мемлекеттердің қатарына қосылуына толық мүмкіндік бар.

«Жаңа Конституция табиғи байлықты зияткерлік капиталға айналдыруға және қоғамды білімге негізделген даму жолына бағыттауға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді сарапшы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары