Ақтөбеде сот анасынан 10 миллион теңгеге жуық ақша ұрлаған 25 жастағы жұмыссыз жігітке үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметінше, ол инсульт алған және смартфон қызметтерін толық түсінбейтін анасының жағдайын пайдаланып кеткен. Ол анасының банк қосымшасын өз телефон нөміріне қайта тіркеп, оның есепшотына қол жеткізген. Бірнеше күн ішінде есепшоттан 9 миллион 899 мың теңге аударылған.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, өзінің жеке есепшоты бұғатталғандықтан, анасының есепшотын пайдалануға рұқсат сұраған. Ер адамның сөзінше, инсульттен кейін анасы дұрыс сөйлей алмайтын болған және тек басын изеген. Ол мұны келісім берді деп түсінген. Сондай-ақ ол кейін анасының есепшотындағы ақшаны пайдалануға рұқсат сұрап, оны кейін қайтарып беруге уәде еткенін айтқан.
Алайда сот бұл нұсқаны қабылдамады. Тергеу барысында есепшоттағы қаражат әйелдің ағасына – кәсіпкерге тиесілі екені анықталған. Кәсіпкер өз бизнесіндегі ақша айналымы үшін қарындасының банк есепшотын пайдаланған. Осы іс бойынша ол жәбірленуші деп танылды.
Тергеу кезінде айыпталушы анасының депозитіндегі ақшаны өзінің бұрынғы бірге тұрған әйелдерінің есепшоттарына аударғаны да анықталған. Әйелге көмектесіп жүрген әлеуметтік қызметкер инсульттен кейін оның денесінің сол жағы сал болып қалғанын айтқан. Оның сөзінше, ұлы анасын жиі ренжітіп, зейнетақысын алып қоятын болған. Соның салдарынан әйел кейде азық-түліксіз де қалып отырған.
Сот ер адамды ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім жарияланғаннан кейін сотталушы бірден қамауға алынды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттелді.