Мемлекет әлеуметтік қолдау саласында өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақтылы орындап келеді – Тоқаев

/
Мемлекет әлеуметтік қолдау саласында өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақтылы орындап келеді – Тоқаев
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп, қыз-келіншектерді құттықтады. Сондай-ақ еліміздің әлеуметтік саясатқа баса мән беріп, көмек көрсеті келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қараған. Шын мәнінде мұқтаж азаматтарымызға нақты, атаулы көмек көрсетіледі. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасады. Мысалы, елімізде бала дүние келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қомақты. Бұдан бөлек, сәби бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төленеді. Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның бай-қуатты елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сондай-ақ олардың жұмыс орны сақталады, декреттік демалыстағы уақыты еңбек өтіліне қоса есептеледі», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде ана мен баланы қолдауға айрықша мән беретінін айтты.

«Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын. Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз. «Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа мазмұнмен толықты. Құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады», – деді ол.

Президент отбасы омбудсмені атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беретінін, мұндай жүйе отбасы саясатындағы маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік беретінін де айтты.

«Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенімдімін. Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады. Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар