Тарихымызда Ерлік пен Елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болған – Тоқаев

/
Тарихымызда Ерлік пен Елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болған – Тоқаев
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйлеп, қыз-келіншектерді құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Төл тарихымызда ер азаматтармен бірге ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар көп болған. «Қыздың қырық жаны бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Рухы мықты қайсар қыздарымыз ұлт жылнамасында өшпес із қалдырған. Тұмар ханым, Айша бибі, Домалақ ана, Сүйінбике, Айғаным ханша мен Зере ананың есімдері ел жадында мәңгі қалады. Бүгінде Сіздер аса құрметті аналарымыз және апаларымыз салған дара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Қыздарымыз ел игілігі жолында табысты еңбек етіп, Қазақстанның дамуына орасан зор үлес қосуда. Қиындығы мен сын-қатері қатар жүретін аса жауапты қызметтерде жұмыс істейтін нәзік жандылар аз емес. Олар Отан алдындағы парызына адал болып, елімізде Заң мен тәртіптің орнығуына атсалысып жатыр. Әділ сот төрелігін жүзеге асырып жүрген судьялардың жартысынан көбі – әйелдер. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Прокуратура, Ішкі істер, Қорғаныс және арнаулы қызмет саласында 45 мыңнан астам әйел еңбек етуде. Жақында Дубайда күштік құрылымдар мен арнайы жасақтардың SWAT Challenge жарысы өтті. Аса беделді халықаралық сайыста еліміздің «Томирис» құрамасы ешкімге дес бермей, қыздар арасында үздік атанды. Олар байрақты бәсекеде шыдамдылық пен шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованың даңқты жолын үзбей келе жатқан нағыз батыр қыздарға тән қасиет екені сөзсіз», – деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар