Шымкент №1 қалалық клиникалық ауруханасы 246-шы бүйрек трансплантациясы сәтті жасалды. Тірі донордан ағзаны алмастыру операциясы штаттық режимде өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Донор 1986 жылы туған әйел адам болды – ол өзінің бір бүйрегін 1983 жылы туған жұбайына берді. Бұл шешім отбасы үшін тұрақты ем-шаралар мен шектеулерге тәуелділіктен арылып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік сыйлады.
Медициналық мекеме мамандарының айтуынша, бүйрек трансплантациясы ең күрделі әрі жауапты хирургиялық оталардың қатарына жатады.
Дәрігерлердің мәліметінше, операция сәтті өткен.
«Донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты, олар мамандардың бақылауында ем қабылдауды жалғастырып жатыр», – деп хабарлады аурухана өкілдері.
Медицина қызметкерлері тірі донордан бүйрек алмастыру созылмалы бүйрек жеткіліксіздігін емдеудің ең тиімді әдісі екенін атап өтеді. Мұндай тәсіл науқастардың өмір сүру ұзақтығын арттырып қана қоймай, оның сапасын да айтарлықтай жақсартып, қалыпты өмір белсенділігіне қайта оралуына мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Шымкентте 246 бүйрек және 35 бауыр трансплантациясы жасалған.