Жолаушылар үшін пойызға үлгермей қалу — жиі кездесетін қолайсыз жағдайлардың бірі. Осыған байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздан қалып қойған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін еске салады. Ең алдымен вокзалдағы билет кассасына жүгініп, туындаған жағдай туралы кассирге хабарлау қажет, деп хабарлайды turkystan.kz.
ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, егер жолаушы пойызға үлгермей қалса, билет құнының бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл үшін өтінішті билетте көрсетілген станциядан пойыз жөнелгеннен кейін бір сағаттан кешіктірмей рәсімдеу қажет.
Қайтару рәсімін жүргізу үшін жолаушы жеке куәлігі мен билетін ұсынуы тиіс. Кассир қажетті құжаттарды рәсімдеп, бос орын болған жағдайда келесі пойызға отырудың балама нұсқаларын ұсына алады. Билет құнын қайтару көлемі мен мерзімі жолаушыларды, жүк пен багажды, сондай-ақ пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес айқындалады.
Мұндай жағдайларда жолаушыларға қосымша ақпарат алу үшін 1433 нөмірі бойынша хабарласу, сондай-ақ вокзалдың анықтама қызметіне жүгіну ұсынылады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларға осындай жағдайлардан сақтану үшін вокзалға ертерек келуді ұсынады.