Жамбыл облысында полиция қызметкерлері көктем мезгілінің қарсаңында табиғатты қорғауға бағытталған игі шара ұйымдастырып, ағаштарда құстарға арналған ұялар орнатты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жасанды ұялар қараторғай, торғай, сарышымшық секілді ұсақ құстар үшін аса маңызды. Олар зиянды жәндіктерді жойып, табиғи тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
Ал өңірде Қызыл кітапқа енген ителгі, дала қыраны, бұйра бірқазан, дуадақ сияқты сирек құстардың кездесуі табиғатты қорғаудың маңызын одан әрі арттыра түседі. Әрбір орнатылған ұя – құстарға деген қамқорлықтың айқын көрінісі.
Полицейлер бұл әрекет арқылы құқықтық тәртіпті қадағалауда ғана емес, табиғатты қорғауда белсенді азамат екенін көрсетті.
Жамбыл облысы полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес, заңсыз аңшылық жасағандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Сондай-ақ, мұндай бастамалардың бір реттік акциямен шектелмейтінін, алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы шаралар жалғасатынын атап өтті.