Ақтауда 8 ай бойы нақты диагноз қойылмаған науқасқа Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының гематологтары көмек көрсетіп, ауыр дертті дер кезінде емдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, науқас аурухананың қабылдау бөліміне бел аймағындағы қатты ауырсыну және патологиялық омыртқа сынығы шағымымен түскен. Алғашқы тексеру барысында айқын анемия анықталды. Сондай-ақ дәрігерлер көптік миеломаға күдік келтіріп, науқасты терапия бөлімшесіне жатқызды.
Гематолог дәрігер Ардақ Жәнібекқызының айтуынша, науқасқа 4 курс химиотерапия жүргізілді. Ем нәтижесінде ол аутологиялық дің жасушаларын трансплантациялауға кандидат ретінде таңдалды. Трансплантация Астана қаласында сәтті өтті. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, өзін жақсы сезінеді.
«Көптік миелома — сүйек кемігінің қатерлі ісігі. Бұл дерт кезінде плазмалық жасушалар бақылаусыз көбейіп, қалыпты қан түзу процесін тежейді. Соның салдарынан анемия, лейкопения, тромбоцитопения
дамиды. Зертханалық көрсеткіштерде қан сарысуындағы жалпы белок жоғарылайды, С-реактивті белок (СРБ) көтеріледі, ЭТЖ (СОЭ) жылдамдайды. Сонымен қатар бел және сүйек ауыруы, әлсіздік, тез шаршау белгілері болады», - дейді гематолог Ардақ Жәнібекқызы.
Алайда көптік миеломаның ерте кезеңінде айқын симптом болмайды. Көп жағдайда басқа ауруларға ұқсас көрінеді.
«Еш себепсіз сүйектің сынуы, түсініксіз анемия және қан талдауындағы жоғары белок көрсеткіштері кейде гематологқа жолдауға нақты негіз ретінде қарастырылмай қалады. Сондықтан кез келген патологиялық сыну, түсініксіз анемия, биохимиялық анализде жалпы белоктың жоғарылауы анықталса, науқасты міндетті түрде гематолог кеңесіне жіберу қажет», - дейді дәрігерлер.
Трансплантациядан кейін науқас кемінде 5 жыл тұрақты бақылауда болады. Бұл кезеңде қан көрсеткіштері, ремиссия жағдайы және асқынулардың алдын алу шаралары қадағаланады.
Айта кетейік, облыстық ауруханада Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көптеген қызмет түрі тегін көрсетіледі.