Ақтауда бес жастағы баланың асқазанынан 50 теңгелік монета шықты

/
Ақтауда бес жастағы баланың асқазанынан 50 теңгелік монета шықты
Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасы

Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері екі бөлек жағдайда кәмелетке толмаған балалардың ағзасынан бөгде заттарды сәтті алып тастады, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

21 ақпанда медициналық мекемеге бес жасар баланың ата-анасы жүгінген. Белгілі болғандай, бала үш күн бұрын 50 теңгелік тиынды жұтып қойған. Ата-анасы тиын табиғи жолмен шығады деп күткен. Алайда жүргізілген рентгенологиялық тексеру нәтижесінде бөгде заттың асқазанда екені анықталған. Дәрігерлер шұғыл түрде эндоскопиялық әдіспен тиынды алып шықты.

Бұдан бір күн бұрын ауруханаға бір жасар сәби тыныс алуы қиындап жеткізілген. Компьютерлік томография барысында баланың бронхында жаңғақ бары анықталды. Анасының айтуынша, сәби ойнап жүріп бөгде затты абайсызда жұтып қойған. Ентігу белгілері пайда болған соң ата-анасы жедел түрде медициналық көмекке жүгінген.

Анестезиология қызметінің және медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде эндоскопист дәрігерлер бөгде затты дер кезінде анықтап, сәтті алып тастады. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қанағаттанарлық.

Мамандар соңғы уақытта балалардың тыныс жолдарына бөгде заттардың түсу жағдайлары жиілегенін атап өтті. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, олардың қандай заттармен ойнайтынын бақылау қажеттігі ескертіледі. Тыныс алудың қиындауы немесе ентігу байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Айта кетейік, бұған дейін аталған аурухананың дәрігерлері сегіз жасар баланың өкпесінен қалам қақпағын алып тастаған болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары