Павлодарда 3 жасар қыз көзіне қайшы тығып алған

/
Павлодарда 3 жасар қыз көзіне қайшы тығып алған
istockphoto.com

Павлодар облыстық балалар ауруханасына көзінен ауыр жарақат алған үш жасар қыз бала шұғыл түрде жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, бала абайсызда қайшыны көзіне сұғып алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәрігерлердің айтуынша, ата-анасы бастапқыда жарақаттың ауырлығын бірден бағамдай алмаған. Алайда көздің қызаруы, жас ағу және жарыққа сезімталдықтың күшеюі салдарынан олар жедел медициналық көмекке жүгінген.

Мамандар тексеру барысында қасаң қабықтың ішкі қабаттары сыртқа шыққан еніп өткен жарақатын анықтады. Науқастың жағдайы шұғыл хирургиялық араласуды талап еткен. Осыған байланысты офтальмологтар мен анестезиологтардан құралған бригада дереу операцияға кірісті.

Дәрігерлер қасаң қабықтың жыртылған бөлігін тігіп, көздің анатомиялық тұтастығын қалпына келтіру бойынша күрделі микрохирургиялық операция жасады. Мамандардың үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында баланың көру қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Отадан кейінгі кезең тұрақты медициналық бақылауда өтті. Қыз балаға қажетті ем-дом тағайындалып, жағдайы тұрақтанды. Қазіргі уақытта науқас амбулаториялық бақылауға шығарылды.

Мамандар ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Өткір және қауіпті заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау, сондай-ақ көз жарақатына күдік туған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну қажет екенін ескертеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары