Ақмола облысында жаңа Конституция жобасының маңыздылығын кеңінен түсіндіру мақсатында аудан тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өтті. Жалпыұлттық коалицияның өкілі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова және өңірлік коалиция мүшелері Макинск қаласында Бұланды ауданының тұрғындарымен кездесіп, ашық диалог орнатты. Давос форматында өткен жиынға 200-ден астам адам қатысты. Кездесу барысында ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мәні, елдің саяси жаңғыруындағы рөлі және азаматтардың референдумға қатысу жауапкершілігі жан-жақты айтылды, деп хабарлайды turkystan.kzЖалпыұлттық коалицияның сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ Жалпыұлттық коалицияның өкілдері «Макинский завод теплоизоляции» және «ХПП Арна» ЖШС өндірістік алаңдарында еңбек ұжымдарымен кездесті. Басқосу барысында жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі бағыттар, әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беру тетіктері, отандық өндірісті қолдау және еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелері талқыланды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова азаматтардың референдумға қатысуының маңыздылығын атап өтті:
«Референдум – тікелей демократияның маңызды құралы. Әрбір азаматқа елдің болашағын анықтауға қатысу мүмкіндігін береді. Жаңа Конституция жобасы әділеттілікті, билік балансын және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Сондықтан бұл референдумда әрбір азаматтың даусы маңызды», – деді ол.
Сонымен қатар Жалпыұлттық коалиция өкілдері Қараөзек ауылының тұрғындарымен кездесіп, елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың жай-күйі, жол сапасын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелерін талқылады. Жиында референдумның мазмұны мен маңызы түсіндіріліп, конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары таныстырылды.
Іссапар қорытындысында қатысушылар ашық әрі мазмұнды пікір алмасты. Жалпыұлттық коалиция өкілдері барлық пікірлерді тыңдап, әр азаматтың дауыс беру арқылы ел дамуына үлес қоса алатынын жеткізді.

