Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтың басшылығымен «Жаңа форматтағы әскер. Әскери-патриоттық тәрбие» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжде ұйымдастырылған іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері және медиасарапшылар қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков әскерде жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
– Біз цифрландыруды дәйекті түрде дамытып, әскер мектебінен өткен азаматтарға білім беру мен әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтеміз. Біздің стратегиялық мақсатымыз – жоғары технологиялық армия құру, адами әлеуетті нығайту, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, олардың жауынгерлік рухын арттыру, – деді ол.
Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев әскери-патриоттық тәрбие мәселесі төңірегінде өз ұстанымын білдірді.
– Патриоттық тәрбиені армиямен ғана байланыстыру дұрыс емес. Сондықтан біз бүгін осында жиналып, мектеп жасынан ант беруге дейінгі аралықта қалыптасатын тәрбиені айтып отырмыз, – деп атап өтті сенатор.
Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Геннадий Шиповских Қорғаныс министрлігіндегі тәрбие және патриоттық даярлықтың қолданыстағы жүйесі туралы оң пікір айтып, бұл жұмыстың бейінді жоғары және арнаулы оқу орындарында да жолға қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар, депутаттың пікірінше, жастардың патриоттық санасын нығайтуда интеграцияланған мәдени-білім беру стратегиясы мен азаматтарды ақпараттандыру маңызды рөл атқарады.
– Мәдениет және ақпарат министрлігі қорғаныс ведомствосымен тығыз жұмыс істеуге тиіс. Армия туралы объективті түсінік алу үшін фильмдер түсіру, әскери бөлімдер туралы сапалы репортаждар жариялау, әскери мамандардың кәсіби жұмысын және олардың ел қауіпсіздігіне қосқан үлестерін көрсету қажет, – деді Г. Шиповских.

Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина патриоттық тәрбие ең алдымен қоғам арқылы қалыптасып, отбасынан басталу керектігін алға тартты.
– Әскери-патриоттық тәрбие беру идеясын қолдаймыз. Алайда сенім қарапайым нәрседен – адам қауіпсіздігінен, отбасын құрметтеуден, шынайы іріктеуден, қызметтен мән табудан және қоғамның бұл тақырыпта сөзбен емес, іспен әрекет етуінен басталады. Сонда патриотизм абстракциялы ұғым ғана болмай, жастар саналы түрде қабылдайтын жауапкершілікке айналады, – деп атап өтті қоғам өкілі.
Дөңгелек үстелге қатысушылар әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери қызметтің беделін және Қарулы күштердің имиджін арттыру саласындағы жұмыс жүйелі негізде құрылып, барлық жас санаттары мен әлеуметтік топтарды қамтуы тиіс деген пікірде болды.
Іс-шара аясында дөңгелек үстелге қатысушылар әскери-спорт колледжінің материалдық-техникалық базасымен және кадеттердің күнделікті тынысы мен бос уақыты қалай өтетінін көрді.