412
Қиындыққа тап болғандарға көмектесу – азаматтық борышымыз
Қиындыққа тап болғандарға көмектесу – азаматтық борышымыз
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партияның облыстық филиалдары және департамент басшыларымен кеңейтілген отырыс өткізді. Жиын 2016 жылғы және 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыстардың қорытындысына, сондай-ақ келешектегі қысқа және ұзақ мерзімге арналған қызметтердің басым бағыттарына арналды.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары барлық жұмыстардың негізгі көрсеткіші айтарлықтай жақсарғанына тоқталды. Атап айтсақ, орталықта да, жергілікті жерлерде де «Нұр Отан» партиясының барлық бөлімшелерінің қызметі жандана түскен. Бұл ретте әсіресе Конституциялық реформа, Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы, Агроөндіріс кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сондай-ақ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы сияқты күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге ерекше көңіл бөлініп келеді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед ресурстарды айқын бөлу мен менеджменттің тиімді үлгісі бар, сондай-ақ барлық деңгейдегі істің нәтижелігін қатаң бақылауды қамтамасыз ететін партия қызметінің қысқа және ұзақ мерзімге арналған жоспарлауының жаңа жүйесін енгізудің арқасында жұмыс сапасының артып, қамтылу ауқымының кеңейе түскенін атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің алдағы басым бағыттарын айқындап бергенін айтқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары: «Биыл Елбасымыз халыққа үш бірдей тарихи бастамасын ұсынды. Оның біріншісі – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға арналған Конституциялық реформа. Екіншісі – Мемлекет басшысының Қазақстан экономикасын жаңа биіктерге бастайтын биылғы Жолдауы. Бұл екі бастамаға қатысты партия тарапынан көптеген жұмыстар атқарылды. Дегенмен, аталған жұмыстар тек жылдың бірінші тоқсанына ғана тиесілі екенін естен шығармауымыз керек. Елбасының Жолдауы тұтас жылды қамтитындықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды қалған үш тоқсанда да жүйелік кестеге сәйкес жалғастыруға тиіспіз. Елбасының үшінші үлкен бастамасы – жақында ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы. Руханиятымыздың серпінді дамуына даңғыл жол ашып берген мақала 2025 жылға дейінгі кезеңді қамтитын стратегиялық маңызы бар құжат. Сондықтан халықтың өзі ондағы бастамалардың жүзеге асуына тікелей мүдделі екендіктерін танытуда», – дей келе, мақалаға қатысты жалпыхалықтық талқылауларға белсенді қатысып, оны тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының жаңа тарихи бастамаларын түсіндіру жөніндегі жұмыстың ерекше маңыздылығына тоқталып, партия бұл істің басы-қасында болатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, жиын барысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы ахуал туралы да айтылды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Нұр Отанның» өңірдегі филиалдарына зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсетуді тапсырды.
«Біз қашанда бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан, кімге де болмасын қамқорлық қолын созуға дайын халықпыз. Бұл жолы да сіздерді қиындыққа тап болған отандастарымыздың жағдайына бей-жай қарамайды деп сенемін. «Нұр Отан» партиясы бұл қайырымды, сауабы мол істе көпке үлгі болуы тиіс. Су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созу – біздің азаматтық абзал борышымыз. Сондықтан жергілікті жерлерде осы бағыттағы жұмысты жедел әрі жүйелі ұйымдастыруымыз керек», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.