Ғалымдар: жұмысқа деген махаббат денсаулықты нығайтады

/
Ғалымдар: жұмысқа деген махаббат денсаулықты нығайтады
сурет: istockphoto.com

Жұмысын шын көңілмен жақсы көретін адамдардың физикалық денсаулығы мықтырақ әрі мазасыздық пен депрессия деңгейі төмен болатыны анықталды. Мұндай қорытындыға University of Alberta ғалымдары келген. Зерттеу нәтижелері Human Resource Management журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар 8 зерттеу аясында 1 800-ден астам адамның физикалық және психикалық жағдайын бақылаған. Қатысушылар жұмысқа деген құштарлығы, әріптестерімен шынайы қарым-қатынасы және ұйымға адалдығы жөнінде сауалнама толтырған. Зерттеушілердің айтуынша, адамды «жұмысын жақсы көретін» топқа қосу үшін осы үш фактор бірдей болуы шарт. Яғни, тек қызметін ұнату жеткіліксіз: ұжыммен байланыс пен компанияға деген берілгендік те маңызды.

Нәтижесінде жұмысқа жоғары деңгейде ықылас танытқан адамдарда ұйқысыздық, бас ауруы, асқазан мәселелері және жиі сырқаттану көрсеткіштері сирек кездескен. Сондай-ақ олар жұмысқа кешігуді азайтып, ұзақ үзілістерді сирек жасаған. Ең бастысы бұл топта мазасыздық пен депрессия деңгейі төмен болған және бұл үрдіс әртүрлі кезеңдерде жүргізілген бірнеше зерттеуде де расталған.

Зерттеушілер тағы бір маңызды жайтты атап өтті: жұмысқа берілгендік еңбекқорлықтың шектен тыс түріне немесе кәсіби күйзеліске ұласпайды. Яғни, сүйікті ісіне ынтамен кірісу адамды күйретпейді, керісінше, оның жалпы әл-ауқатын жақсартуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары