Түркістан облысының тұрғыны бүйрегін 13 млн теңгеге сатпақ болған

/
Түркістан облысының тұрғыны бүйрегін 13 млн теңгеге сатпақ болған
istockphoto.com

Түркістан қаласының ауданаралық сотында трансплантациялау немесе басқадай мақсатта пайдалану үшін адам ағзасын сатуға оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотталушы өзінің бүйрегін сату мақсатында 2025 жылдың ақпан айында telegram әлеуметтік желісі арқылы жарнама жасап, нәтижесінде қылмыстық әрекетті имитациялаушы ішкі істер органдарының қызметкері «А» есімді тұлғамен жолығып, 13 млн теңгеге сатуға келісіп, одан 5 млн теңгені қолма-қол алу барысында ұсталған.

Сотта сотталушы өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетке ауыр материалдық жағдайы мен ақша қаражатына мұқтаждығы себеп болғанын, сол себепті өзінің ағзасын сатуды жоспарлағанын көрсетіп, жасаған ісіне өкінетінін білдірді.

Сот, жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс санатына жататынын және зиян келтірілмегенін ескере отырып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қолданып, 05.02.2026 жылы сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатып, іс жүргізуді тоқтатты.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары