ТЖМ тауларда қар көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертті

/
ТЖМ тауларда қар көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертті
ТЖМ

Қазір Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында қар жамылғысының биіктігі негізінен қалыпты деңгейден жоғары. «Қазгидромет» болжамына сәйкес 2026 жылғы 19–20 ақпанда оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің тауларында жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

ТЖМ мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының тауларында қар жамылғысының биіктігі орта есеппен қалыпты деңгейде. 19 ақпанда күннің жылынуы аясында жауын-шашын, кей жерлерде қалың қар және боран күтіледі. 20 ақпанда ауа температурасының күрт төмендеуі болжанып отыр.

Еліміздің осы өңірлерінде күннің жылынуы, қар жаууы, жауын-шашын, боран және ауа температурасының ауытқулары таулардағы қар жамылғысының тұрақсыздығына себеп болады, ал алдағы күндері қар көшкіні өздігінен жүру ықтималдығы жоғары.

ТЖМ көшкін туралы ескерту жарияланған кезеңде таулы аймақтарға бармауға, тауға шығу алдында ауа райы болжамымен танысуға және алдын ала маршрутты жоспарлауға, дайындалмаған жерлерде қозғалыс жасамауға, белгіленген жолдарды ұстануға, қар көшкіні қауіпті учаскелер туралы соңғы ақпаратты алу мен қауіпті беткейлерден аулақ болуға кеңес береді.

Көп қар жауған жағдайда тауға шығуды қар қалыңдығы тұрақталғанға дейін 2–3 күнге шегеру ұсынылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары