Таныстар арасындағы жанжал төбелеске ұласып, кейін қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 2025 жылдың тамыз айында болған. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы Б. мас күйінде болған танысы К.-мен кездесіп, одан 1500 теңге қарызын еске салған. Алайда әңгіме тез арада жанжалға ұласқан.
Сот анықтаған мән-жайларға сәйкес, жәбірленуші Б.-ның мойнынан ұстап, қыса бастаған. Ер адамдар арасында төбелес шыққан. Жанжал барысында айыпталушы қарсыласына бірнеше соққы жасап, нәтижесінде жәбірленушінің төрт қабырғасы сынғаны анықталған.
«Б.-ның кінәсі тараптардың жауаптарымен, медициналық қорытындымен және іс материалдарымен дәлелденді. Айыпталушы өз кінәсін мойындап, өзін қатаң жазаламауды сұрады. Жәбірленуші айыпталушыны кешіріп, соттан оны бас бостандығынан айырмауды өтінді. Сот кінәні мойындауын және оң мінездемесін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – делінген соттың баспасөз қызметі хабарламасында.
Сот үкімімен Б. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда ҚК-нің 63-бабы қолданылып, тағайындалған жаза шартты деп есептелді.
Үкім заңды күшіне енді.