Ұлына Кенесары есімін қойған отбасыларға 400 мың теңгеден беріледі

/
Ұлына Кенесары есімін қойған отбасыларға 400 мың теңгеден беріледі
ашық дереккөз

Журналист Нұрсейіт Жылқышыбай бұл туралы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, өзі жетекшілік ететін компания наурыз айында сәби сүйіп, ұлына Кенесары есімін қойған алғашқы 10 отбасына 400 мың теңге көлемінде қаржылай сый беруді жоспарлап отыр.

“Алда наурыз айы, Ұлыстың ұлы күні де жақындап келеді. Осыған орай компаниямыз шара ұйымдастырмақшымыз. Ұлына Кенесары деп ат қойған алғашқы он отбасыға 400 мың теңге көлемінде жөргекпұл беру ойда бар.

Шарт бойынша, сәбилер наурыз айында дүниеге келуі тиіс. Қатысу үшін ата-аналар көрсетілген нөмірге баланың туу туралы куәлігін жолдауы қажет. Ықылас білдірушілер көп болуы мүмкін, сондықтан сыйақыны тек алғашқы он адамға табыстаймыз.

Бұл - мақтан үшін жасалып жатқан дүние емес. Дұрыс түсінбей, “ақшасы тасып жатыр ма?” деп ойлайтындар да болуы мүмкін. Алайда біздің ниет – елге титтей болса да пайдамызды тигізу. Еліме, жеріме қасықтай болса да үлесім қосылса, сол - менің арманымның орындалғаны”, - деді Нұрсейіт Жылқышыбай.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Кенесары есімі қазақ үшін ерекше маңызға ие. Себебі бұл атау азаттық үшін күрескен тарихи тұлға – Кенесары Қасымұлының есімімен сабақтас. Бастама арқылы батыр баба есімін ұлықтап, ұлттық рухты көтеру көзделіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін де осыған ұқсас акция өткен. Нұрсейіт Жылқышыбайдың бастамасымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұлына Құнанбай есімін берген 10 ата-анаға 300 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін сыйақы табысталған еді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары