Қаржы мониторинг агенттігі Алматыда заңсыз инвестициялық қызмет саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Агенттіктің мәліметінше, 2013-2021 жылдар аралығында күдікті «Partners & Consultants» атты «Өмірді сақтандыру» жобасы арқылы өмірді сақтандыру бағдарламалары мен жинақтаушы сақтандыру салымдарына инвестиция салу деген сылтаумен азаматтардың ақшасын иемдену схемасын ұйымдастырған.
«Азаматтарды өзіне бағынысты заңды тұлғалардың — «Evroasia Global Investment» АҚ және «Evropa Investment» ЖШС есепшоттарына ақша аударуға үгіттеп, жылына 12%-ға дейін тұрақты табысқа кепілдік берген.
Жобаның сенімділігін дәлелдеу үшін шын мәнінде жоқ халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен сертификаттарына сілтемелер қолданылған.
Қаражаттар қолма-қолсыз аударымдар арқылы қабылданып, кейін салымшыларға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер бар деген жалған әсер қалдыратын жалған құжаттар берілген», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде 270 жәбірленушіге 620 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Алынған ақшалай қаражат күдікті тарапынан жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға жұмсалған. Аталған мүлікке қазір шектеу қойылған.
Күдікті қамауға алынды.