Ақмола облысында Әйелдер қанатының бастамалары таныстырылды

Ақмола облысында Әйелдер қанатының бастамалары таныстырылды
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының алаңында Ақмола облысының белсенді әйелдері бас қосты. Жиында жаңа Конституция жобасы, партия жанындағы Әйелдер қанатының бастамалары және алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Сонымен қатар Парламент Мәжілісі мен партияның Орталық аппаратында қатысушыларға экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова, Мәжіліс депутаттары,  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Юлия Кучинская мен Наталья Дементьева, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, партия филиалдарының жетекшілері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – партия жанындағы Әйелдер қанатының алдағы жұмыс жоспарын біріздендіру және қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған жобаларды талқылау, сонымен қатар қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету.

Партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова өз сөзінде бүгінде қоғамда кеңінен талқыланып жатқан маңызды тақырыптардың бірі – жаңа Конституция жобасына қатысты пікірін білдірді. Ол өткен аптада Әйелдер қанатының отырысында бұл тақырып жан-жақты талқыланғанын, сарапшылар мен Конституциялық комиссия мүшелері шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін де атап өтті.

«AMANAT» партиясы – мемлекеттің жетекші саяси күші ретінде мемлекеттік бастамаларды қолдайды және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Жаңа Конституция жобасында отбасы құндылықтарына ерекше мән берілген. Ана мен баланың әлеуметтік қорғалуы, ер мен әйелдің тең әрі ерікті одағы ретінде танылуы – әйелдің қауіпсіздігі мен қоғамдағы орнының берік болуына негіз», – деді ол.

Сонымен қатар партия Хатшысы Әйелдер қанатының қызметін жүйелеу, өңірлердегі белсенді әйелдерді қолдау және партия бастамаларын халыққа жеткізу – аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Бүгінгі кездесу – әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Біз партия жанындағы Әйелдер қанатының қызметін жүйелі түрде дамытуды мақсат етіп отырмыз және екі жарым жыл ішінде бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Басты мақсат – барлық әйелді саяси лауазымға отырғызу емес, қоғамға үлгі болатын, білімді, парасатты, заманауи әйелдер пулын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру. Алдағы уақытта да осындай кездесулер басқа да өңір белсенділерінің қатысуымен жалғасын табады деген сенімдемін. Өйткені мұндай іс-шара қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Шолпан Каринова.

Кездесу барысында партия жанындағы Әйелдер қанатының жобалары таныстырылды. Олардың бірі – «Томирис» саяси көшбасшылық мектебі. Оның аясында осы уақытқа дейін 170-тен астам әйел оқудан өтті. Сонымен қатар әр облыста тарихи тұлғалардың есімімен аталған жобалар іске қосылып, бүгінде 2 мыңнан астам белсенді әйелді біріктірді.

Мәжіліс депутаты,  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская өңірлердегі партия жұмысының белсенділігін атап өтіп, Әйелдер қанатының басты міндеті – әрбір әйелдің өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау екенін айтты. Ол партия өкілдерінің халықпен тығыз байланыста болып, реформалардың мәнін түсіндіруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Жиында әйелдердің өкілді органдардағы квота мәселесі де талқыланды. Заңда көрсетілген 30 пайыздық квота (әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған) – минималды көрсеткіш, одан жоғары болуына еш кедергі жоқ екенін атап өтілді. Әйелдердің сайлануы тек заңға емес, олардың белсенділігіне, өзара қолдауына және қоғамдағы көзқарастың өзгеруіне байланысты екені айтылды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар өңірлердегі жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, партия жобаларын тиімді іске асыру бойынша ұсыныстарын айтты. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары