Сенат депутаты Ләззат Қалтаева Конституция мәтінін Брайль форматына бейімдеуді ұсынды

/
Сенат депутаты Ләззат Қалтаева Конституция мәтінін Брайль форматына бейімдеуді ұсынды
Видеодан скриншот

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Қалтаева жаңа Конституция жобасы мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты. 

Оның айтуынша, Конституция адамды және оның құқықтары мен бостандықтарын ең басты құндылық ретінде мойындайды. Жаңа жобада кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу қағидаты сақталған. Сонымен қатар, азаматтардың жасына, денсаулығына немесе мүмкіндігіне байланысты әлеуметтік қорғау кепілдіктері де нақты көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары туралы конвенциядан туындайтын халықаралық міндеттемелері жаңа Конституция қабылданған жағдайда да толық көлемде сақталады, — деді Л. Қалтаева.

Ләззат Қалтаева атап өткендей, Конституция жобасы тек құқықтық кепілдіктерді бекітіп қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәтіннің қолжетімділігіне ерекше мән берілген: көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін Брайль қарпімен, ал зияткерлік дамуында ерекшеліктері бар адамдар үшін жеңіл әрі түсінікті тілде ұсынылуы көзделген.

Осы шаралар жаңа Конституцияның азаматтар арасындағы теңдікті қамтамасыз етуге, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын толық іске асыруға қосымша мүмкіндік береді, - деді сенатор.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары