Алматыда ұрланған ұялы телефондарды сатып алып, сақтаумен айналысқан азамат ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіні анықтауға қаладағы мекемелердің бірінде жасалған телефон ұрлығын тергеу түрткі болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның ұрланған техниканы жүйелі түрде қабылдап отырғаны белгілі болды.
Тексеру кезінде күдіктінің қолынан ұрланған смартфон, әртүрлі маркадағы 30-ға жуық ұялы телефон және екі планшет тәркіленген. Барлық құрылғылар айғақ ретінде алынып, олардың заңды иелерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар оның өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.