Президент Астанада өтіп жатқан Волонтерлар форумында волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысқа қолдау білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек.
Мен Жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Соған сәйкес нақты жұмыс істеліп жатыр.
Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек.
Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын», - дейді Президент.
Сонымен қатар Президент еліміздің экожүйесін сақтауға бағытталған халықаралық бастамаларды да қолдайтынын баса айтты.
«Халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұр. Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына атсалысып келеді. Бұл біздің азаматтарымызға жаһандық волонтерлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.Еріктілеріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды.
Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын.
Қазақстан БҰҰ-мен қатар ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр. Мәселен, биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді.Өздеріңізге мәлім, еліміздегі Халықаралық еріктілер жылы «Орнықты келешек үшін бірге!» ұранымен өтуде.
БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек.Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізу көзделген. Аталған жиындарға түрлі мемлекеттерден еріктілер шақырылады.
Кең байтақ өңіріміздің қайталанбас экожүйесін сақтауға бағытталған бұл бастамаларды қолдаймын», - дейді Мемлекет басшысы.