Мемлекеттік кеңесші — Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық реформаны азаматтық қоғам қалай қабылдағанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, е-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түсті.
«20 қарашада Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөнінде жұмыс кеңесін өткізді.
Президент азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен түсетін ұсыныстардың барлығын жан-жақты зерделеуді тапсырды.
2 желтоқсанда Жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Жиында жаңа Парламенттің құрамына қатысты мәселелер қарастырылды.Атап айтқанда, бір палаталы Парламенттің өкілеттік мерзімі, депутаттар саны, квоталар және сайлау тәртібі талқыланды.
29 желтоқсанда Жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Онда болашақ Парламенттегі заң шығару үдерісінің негізгі бағыттары талқыланды.
6 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа туралы арнайы жұмыс кеңесін өткізді. Жұмыс тобына конституциялық реформаға қатысты негізгі ұстанымдарды әзірлеуді тапсырды.
9 қаңтарда Жұмыс тобының кезекті төртінші отырысы ұйымдастырылды. Онда болашақ Парламенттің басқа билік институттарымен өзара іс-қимылына және бір палаталы Парламенттің атауына қатысты ұсыныстар талқыланды.
12 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді. Президент конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды деп нақты айтты.
15 қаңтарда Жұмыс тобының бесінші отырысы ұйымдастырылды. Онда жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі құзыреті талқыланды.
19 қаңтарда, яғни, осы аптаның басында Жұмыс тобының алтыншы, қорытынды отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы өзі қатысты. Жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы баяндап, ортақ ұстанымдарды таныстырды. Президент бұл ұстанымдарға қолдау білдіріп, көп ұзамай қосымша өз ойларын да ортаға салатынын айтты.
Осылайша, Жұмыс тобы жарты жыл бойы белсенді жұмыс істеп, Парламенттік реформаға қатысты мәселелерді 6 отырыста жан-жақты талқылады.
Осы орайда, Парламенттік реформа туралы Жұмыс тобының барлық мүшелеріне белсенді қызметтері үшін ризашылығымызды білдіреміз», - деді Мемлекеттік кеңесші.