Жетісу облысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған тұлғалар үймен және жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жетісу облысының прокуратурасы қылмыстың алдын алудың негізгі құралы ретінде азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге басымдық береді. Соның ішінде, Қаратал ауданының прокуратурасының үйлестіруімен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және түзелу жолына түскен тұлғаларды қолдау бойынша нақты шаралар сәтті іске асырылды.
Аудан прокуратурасы меценаттармен бірлесіп, алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Ш -ның өмірлік маңызды мәселесі шешілді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған әйелге жеке меншік құқығымен абаттандырылған үш бөлмелі тұрғын үй берілді. Отбасын тұрақты баспанамен қамтамасыз ету кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және ананың қоғамға сәтті бейімделуіне негіз болды.
Сонымен қатар, аудан прокуратурасының бастамасымен шағын бизнесті дамытуға қолдау көрсетілді. Пробация қызметінің есебінде тұрған азамат К-ға дәнекерлеу цехын ашу үшін 1,5 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік қайтарымсыз грант бөлінді. Жеке ісін ашу азаматқа қоғамға заңды түрде араласуға және отбасын тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.